Тау-кен өндіру саласы құн мағынасын толық ашу үшін геология ұғымынан тыс, реттеу, капитал және өнімділік мәселелеріне де мән беруі қажет.
Жаһандық тау-кен өндіру саласына біршама қысым түсуде. Энергетикалық қауіпсіздік мәселелері, әлемнің геосаяси тұрғыдан бөлінуі, технологиялық серпінге негізделген төртінші өнеркәсіптік революцияның салдары және қоғам талаптарының күшеюі салаға жаңа міндеттер жүктеуде. Металдар мен минералдарға сұраныс артып келеді. Оны өтеу үшін өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, жеткізуді барынша тиімді жолға қою қажет. Алдағы уақытта өндіру және өңдеу бағыттарын әртараптандырудың маңызы да арта түспек. Бұл өз кезегінде сенімге ие, инвесторлар үшін тартымды және тұрақты экожүйеде тиімдірек жұмыс істеуді талап етеді.
Бұл міндеттерді шешіп, қалыптасып келе жатқан жаһандық жеткізу тізбектері ашатын мүмкіндіктерді тиімді пайдалану — кезек күттірмейтін міндет.Оны жүзеге асыру үшін тау-кен өнеркәсібіне қатысы бар барлық тарап бірлесе әрекет етуі қажет. Олардың қатарында өндіруші және өңдеуші компаниялар, мемлекеттік органдар, инвесторлар, өнімді түпкілікті тұтынушылар мен сабақтас сала өкілдері бар. Олар үш негізгі бағыт бойынша мақсаттан нақты іске көшуі тиіс. Біріншіден, үкімет тау-кен өндірісіне тұрақты инвестиция тартуға және оның табысты болуына қолайлы жағдай жасап, тиісті ынталандыру шараларын енгізумен түсінікті әрі орнықты реттеу талаптарын қалыптастыру қажет. Екіншіден, геология пайдалы қазбаларды өндіруге мүмкіндігі бар елдерді айқындайды. Алайда өндірістен түсетін пайданы инвестициялық тартымды жобалар ұсынып, қажетті капиталды жұмылдыра алған ел алады. Сондықтан жаңа жобаларды іске қосып, өндіру, өңдеу және тасымалдау қуаттарын кеңейту үшін қажетті капиталды жұмылдыру қажет.
Үшіншіден, тау-кен өндіруші компаниялар жұмыс орындарындағы өнімділікті арттыру үшін технологиялық шешімдерді, соның ішінде жасанды интеллектіні белсендірек енгізуі қажет. Бұл ретте күнделікті жұмыстың тиімділігін және стратегиялық деңгейдегі басқару сапасын қатар жақсарту маңызды. Қазіргі қиындықтарды еңсеру үшін экономиканың түрлі салалары мен тау-кен өнеркәсібіндегі барлық тарап бірлесе жұмыс істеуі қажет.
Біздің талдауымыз көрсеткендей, биылғы жыл нарықтық капиталдандыруы бойынша әлемдегі ең ірі 40 тау-кен өндіру компаниясы үшін көп жағынан сәтті болды. 2024 жылы олардың жиынтық түсімі 3,3% өсіп, 880 млрд АҚШ долларынан 909 млрд АҚШ долларына жетті. Пайыздар, салықтар, тозу мен амортизацияға дейінгі пайда (EBITDA) 23% артып, 248 млрд АҚШ долларын құрады. Ал таза пайда 120 млрд АҚШ долларына дейін өсті.. Бұл оң нәтижеге екі негізгі фактор ықпал етті. Біріншіден, алтын мен күмісті қоса алғанда бағалы металдардың, платина тобы металдарының және мыс сияқты энергетикалық ауысымға қажетті металдардың бағасы күрт өсті. Екіншіден, өндіріс көлемінің артуы тұрақты шығындардың өнім бірлігіне шаққандағы үлесін төмендетті, ал компаниялар шығындарды тиімді басқара алды.